Елордада қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістердің алдын алу, сондай-ақ ісіктерді ерте даму сатыларында анықтау үшін скринингтік тексерудің бірнеше түрі жүргізіледі. Биылғы жылдың 10 айында тегін скринингтік тексеру нәтижесінде сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысындағы 58 жағдай анықталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
2019 жылдың 10 айында жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі бойынша 38 142 әйел тексерілген. Олардың төртеуінде ерте сатыдағы қатерлі ісік табылды. 289 жағдайда ісік алды жағдайы анықталды.
Сондай-ақ, 28 748 әйел сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтті. 59 жағдайда қатерлі ісік анықталды, оның 58-і – ерте сатыда. Ісік алды жағдайының саны – 309.
Ал колоректалды обыр скринингі бойынша 32 786 адам тексерілген. Қатерлі ісік диагнозы 10 адамға қойылса, оның 7-де ерте сатыда анықталды.
Айта кетсек, скрининг тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында өткізіледі.