Скринингтік тексеру қызметтері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің құрамына кіреді. Сондықтан профилактикалық тексеруден тек сақтандырылған азаматтар ғана өте алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Бұл ересектер мен балалар профилактикалық тексеруден тек сақтандырылған жағдайда ғана өте алады дегенді білдіреді. Алайда мемлекет балалар үшін төлейді, ал ересектер жеңілдік тобына жатпайтын болса, ай сайын Медициналық сақтандыру қорына төлем төлеу керек. МӘМС жүйесінің мемлекет пен адамдар арасындағы ортақ жауапкершілікке негізделетін байланысты нығайтуда көмегі бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы адамдарға таңдау мүмкіндігі, қымбат медициналық қызмет түрлері қолжетімді болады", – дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Қазақстанда халықты скринингтен өткізу жұмысы басталғанына 10 жылдан асты. Бүгінде мемлекет есебінен тегін профилактикалық тексеруден өтуге болады.
"Соңғы жылдары әйелдер арасында жиі таралған аурулардың қатарына сүт безінің обыры мен жатыр мойнының обыры жатады. Ер адамдарда кездесетін онкологиялық ауру түрлеріне өкпе обыры, қуықасты безінің обыры кіреді. Көп жағдайда науқастар дертті асқындырып, медициналық көмекке кеш жүгінеді. Сондықтан да уақтылы скринингтік тексеруден өту арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға болады", – деді Рүстемова.