Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан қоржыны тағы бір жолдамамен толықты, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.
Байдаркамен есуден Қазақстан командасының мүшесі Екатерина Смирнова лицензия иегері атанды. Ол 90,77 секунд көрсеткішімен турнирде топ жарды. Екінші орында таиландтық Яруван Нимтонг, үшінші орынға тағы бір Таиланд өкілі Атчарапорн Дуанглава орналасқан.
Бұл слаломды есуден Қазақстан командасы иеленген екінші жолдама. Бұған дейін ерлер арасындағы каноэшілер додасында Александр Куликов Токио Олимпиадасына лицензия ұтып алған еді.
"Слаломды есуден Қазақстан командасының алдында екі жолдама жеңіп алу міндеті тұрған. Бұл жоспарды 2019 жылы құрғанбыз, биылға дейін күшінде қалды. Азия аймақтық іріктеу турнирі былтыр өтуі тиіс болатын. Пандемияға байланысты жарыс бір жыл кейінге шегерілді. Паттайяда Александр Куликов пен Екатерина Смирнова жеңіске жетіп, жолдама жеңіп алды. Бірақ, Смирнованың лицензиясына қатысты кішкене қиындықтар болды. Тарқатып айтар болсам, аталған турнирге Иран командасының спортшысы қатыса алмады. Ол құжаттарды уақытылы қабылдамағаны үшін жарысты ұйымдастырушыларды кінәлап, қарсы шағым түсірді. Сол себепті, біз халықаралық ұйымнан ресми жауап күтуге мәжбүр болдық. Қуанышқа қарай, Халықаралық каноэ федерациясы оң шешім шығарып, жарыс нәтижесін өз күшінде қалдырды. Осылайша, кезекті жолдаманы жеңіп алған жайымыз бар. Егер әлемдік федерация Паттайядағы жарыстың нәтижесін жоққа шығарса да, біздің лицензия алатын мүмкіндігіміз бар. Әлемдік рейтинг бойынша қазақстандық Камилла Сафинаның олимпиадаға қатысатын ұпайы жеткілікті болатын. Бірақ барлығы Азия аймақтық іріктеу турнирінде шешілді", - дейді бас бапкер Светлана Куликова.
Екатерина Смирнова 1988 жылдың 21 мамырында Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2008 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы.