Словакияда 45 жастағы адвокат Зузана Чапутова президент сайлауының екінші турында жеңіске жетіп, мемлекет басшысы лауазымына сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол 1993 жылы тәуелсіз ел атанған Словакияның бесінші президенті әрі ел тарихындағы тұңғыш әйел президент болды. Оған президент өкілеттігі 15 маусым күні Андрей Кискадан ауысады.
Чапутоваға екінші турға қатысқан сайлаушылардың 58,4% дауыс берген. Әсіресе оны Братислава қаласы мен Братислава өлкесінің тұрғындары қолдаған (73,74%). Сайлауға 5,44 млн тұрғыны бар ел сайлаушыларының 41,8%-ы қатысқан.
Зузана Чапутова 1973 жылғы 21 маусымда Братиславада туған, сондағы Коменский атындағы университеттің заң факультетін бітірген. Зузана Чапутова заңгер дипломын алған соң адвокат болып жұмыс істеген. Ол негізінен әйелдер мен балаларды, мемлекеттік және коммерциялық компаниялардың қызметкерлерінің құқығын қорғаумен айналысқан.