Словения Парламенті Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Бұл қадам үшін дауыс беруге қатысқан 53 депутаттың 52-сі оны қолдады, елдің 90 орынды жергілікті Парламентінің оппозициялық блогы отырысқа бойкот жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Словения мамыр айының соңында тәуелсіз Палестина мемлекетін ресми түрде мойындаған Норвегия, Испания мен Ирландияның соңынан ерді.
Дауыс беруден бір күн бұрын оппозициялық Словения демократиялық партиясының (SDS) төрағасы Янез Янса Палестинаны тану туралы референдум өткізуді талап етіп, бұл шешім Люблянаға ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін деп мәлімдеді. Алайда сейсенбі күні таңертең SDS референдум ұсынысын қайтарып алды.
Словения үкіметінің басшысы Роберт Голоб Палестинаның мемлекеттілігін мойындауды "Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы Палестина халқы үшін үміт шамы" деп атады.