Бүгін де Премьер-министр жауапты министрлер мен әкімдердің баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әкім-қаралардың сөзіне сенсек, жағдай мәз емес сияқты. Өйткені, жөндеу басталған 47 нысанның отызында ғана жұмыс жүріп жатыр екен. Атап айтқанда, Атырау, Рудный, Теміртау қалаларындағы жылу орталығында тиісті жөндеу кейінге шегерілген. Осының бәрін тыңдаған үкімет басшысы жалпы дайындық жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын "нашар" деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдіктер мен министрліктердің жауапты орынбасарлары кабинетте отырмай, жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектілердің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа. Сондықтан тәуекел де жоғары. Егер жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылдайтын боламыз", дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.