Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, жеке құрам, ардагерлер және ауыл тұрғындары қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңғыртылған бөлім Смирново ауылы мен Аққайың ауданындағы 28 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету аймағында 17 мыңнан астам тұрғын тұрады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту құтқарушылардың қызмет ету жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде 15-ке жуық өрт сөндіру депосы заманауи талаптарға сай қайта жаңартылған. Министр бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әкімдіктермен бірлесіп кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтып, әрбір аудан орталығы мен ауылда заманауи өрт сөндіру бөлімдері болуы тиіс екенін жеткізді.
Іс-шара барысында министр қызметкерлерге жаңа өрт сөндіру, инженерлік және мамандандырылған техниканың кілттерін табыс етті. Жергілікті атқарушы органның қаржысы есебінен бөлімшенің материалдық-техникалық базасы жаңа өрт сөндіру автоцистернасымен, ТРЭКОЛ қар-батпақ жүргішімен, вахталық автокөлікпен және жедел-құтқару автомобильдерімен толықтырылды.
Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құтқарушылар мен кәсіпкерлер Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің марапаттарымен марапатталды.

Жаңғырту жұмыстары барысында өрт сөндіру бөлімінің ғимараты айтарлықтай жаңартылды. Нысанның бір бөлігі қайта салынып, заманауи ангар бой көтерді.
Сонымен қатар жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалып, бөлім газ-түтіннен қорғау қызметінің бекетімен, оқу сыныбымен, диспетчерлік пунктпен, демалыс және даярлық бөлмелерімен, сондай-ақ өрт-техникалық жабдықтарды сақтауға және қызмет көрсетуге арналған арнайы аймақтармен жабдықталды.
Бұдан бөлек, бөлім аумағында оқу-жаттығу мұнарасы, футбол алаңы, абаттандырылған терраса және қызметкерлердің демалуына арналған арнайы мангал аймағы салынды. Бұл жаңа инфрақұрылым құтқарушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және олардың қызметтен тыс уақытта жайлы демалуына мүмкіндік береді.