Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов халыққа жәрдемақы тағайындаудың цифрлық әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Спикердің сөзінше мұндай тың әдестердің бірі жыл басынан бері жүзеге асырылып келеді.
"2021 жылдың 6 айында 35 мың отбасыға жәрдемақы проактивті форматта тағайындалды. Мұндағы проактивті формат деп отырғанымыз СМС хабарлама арқылы жәрдемақы төлеу", – деген спикер аталған қызметті пайдалану тетіктеріне тоқталды.
"Проактивті форматта қызмет алушыдан өтініш талап етілмейді. Яғни, қызмет алушы бала туған кезде немесе көпбалалы отбасы болғанда құттықтау ретінде СМС хабарламаны жібере отырып, қосымша қолдау іс-шараларын алуға мүмкіндігі бар екендігін айтамыз. Бастысы азаматтар жіберілген СМС хабарламамызға дереу жауап берсе болғаны", – дейді Асқар Ниязов.
Спикердің сөзінше елімізде көмек алушының рұқсатынсыз жәрдемақы тағайындау заңға қайшы. Сондықтан министрліктің хабарлама жіберудегі мақсаты - отбасыға әлеуметтік көмек тағайындау үшін рұқсат алу.
"Заңнамаға сәйкес біз азаматтардың рұқсатынсыз қосымша көмек тағайындауға құқылы емеспіз. Биыл 6 айда 35 мың отбасыға жәрдемақы проактивті форматта тағайындалды. Осы уақыттың ішінде проактивті форматта жәрдемақы тағайындау үшін жіберілген СМС хабарламалардың саны 180 мыңнан асады. Өкінішке орай биыл 145 мыңға жуық хабарламамыз жауапсыз қалды", – деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры.
Құралай Құдайберген