SMS-кодты айтпаңыз: онлайн-жеткізілімдегі алаяқтықтың жаңа тәсілі

258

Фейк онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық көбейіп барады. 

SMS-кодты айтпаңыз: онлайн-жеткізілімдегі алаяқтықтың жаңа тәсілі Фото: news.myseldon.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы онлайн-жеткізілімге байланысты алаяқтық әрекеттерінің жиілегені туралы ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онлайн-сауда көлемі жөнінен ТМД елдері арасында көшбасшылардың қатарына кірді. "CEOWORLD" онлайн-сервисінің мәліметіне сәйкес, қазақстандықтардың электронды платформалар арқылы жасаған сатып алуларының үлесі 32%-ға жеткен.

Онлайн-сауданың кең таралуымен бірге алаяқтардың да белсенділігі артқан. Олар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін курьер, жеткізу қызметінің өкілі немесе интернет-дүкен мен танымал маркетплейс қызметкері ретінде таныстырады. Кейін сіздің атыңызға тауар рәсімделгенін айтып, жеткізілімге қатысты түрлі сылтаумен байланысқа шығады.

Әңгіме барысында сенім ұялату үшін азаматтың кейбір жеке мәліметтерін айтып, тауарды алу, жеткізілімді растау немесе тапсырыстан бас тарту үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды.

Егер адам ешқандай тапсырыс бермегенін немесе жеткізілім күтпейтінін айтса, алаяқтар психологиялық қысым көрсетеді. Мысалы, тауар қоймада ақылы сақталатынын, бас тартқаны үшін айыппұл салынатынын немесе жеткізілімнен шұғыл түрде бас тартуды растау қажет екенін алға тартады.

SMS-кодты берген адам іс жүзінде алаяқтарға өз аккаунттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның салдарынан олар ақша жымқыруы немесе жәбірленушінің атына онлайн-несие рәсімдеуі мүмкін.

Есте сақтаңыз!

Маркетплейстердің, жеткізу қызметтерінің және банктердің ресми қызметкерлері телефон арқылы, оның ішінде жеткізілімді растау мақсатында да, SMS-код сұрамайды.

Қауіпсіздік үшін мына ережелерді ұстаныңыз:

- SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз;

- Күмәнді қоңырау шалынса, әңгімені бірден тоқтатып, маркетплейстің ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз;

- Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу