Соғыс болса Украинадағы қазақстандықтардың жағдайы не болады?

1372

Украина мен Ресей арасында шиеленіскен жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Соғыс болса Украинадағы қазақстандықтардың жағдайы не болады?

Геосаяси жағдайлардың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хабарласып көргенбіз. Министрліктің ресми өкілінің берген мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Украинада уақытша консулдық есепте 493 адам тіркелген. Олардың ішінде елшіілктің қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері мен бизнес өкілдері бар). Ал тұрақты консулдық есепте Украинада Қазақстанның 1110 азаматы тіркелген.

"Қазақстанның азаматтары көбінесе Киевте, сонымен қатар Киев, Одесса, Харьков, Львво облыстарында шоғырланған", – деп жауап берді министрліктен.

Украина мен Ресей арасындағы соңғы жағдайларға байланысты (соғыс басталып кетуі мүмкін жағдай) Украинадағы қазақстандықтар тарапынан Қазақстанға қайтару туралы өтініш келіп түсті ме?

Бұл сұраққа министрлік расында да телефон және электронды пошта арқылы "жағдайды түсіндіруді сұраған" ондаған өтініш жеткенін хабарлайды. Алайда эвакуациялау туралы өтініш түспеген.

"Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың эскалациясы туындаса (соғыс болса), Қазақстанның азаматтары +38 067 347 04 08 (WhatsApp, Viber), +38 044 483 15 96, +38 044 489 18 58 жедел желісіне шыға алады. Сондай-ақ азаматтар Харьков (консулдық округ Харьков, Сумы және Полтава облыстарын қамтиды), Львов (Волынь, Закарпатский, Ивано-Франковск, Ровно, Тернополь, Хмельницкий, Ш. Черновецкий және Львов облыстары), Одесса (Николаев, Херсон және Одесса облыстары) және Днепр (Днепропетровск облысы) облыстарындағы ҚР құрметті консулдығының кеңсесіне жүгіне алады", – делінген жауапта.

Министрлік шұғыл жағдай туындаған жағдайда әртүрлі жолмен Қазақстанның дипломатиялық миссиясының қызметкерлерін шығарудың түрлі жолы барын ескертеді. Ол жағынан Елшіліктің қызметкерлеріне тиісті нұсқаулық берілген. 

"Сонымен қатар құрметті консулдармен және олардың кеңселерімен азаматтардың оралуын жеңілдету және басқа да мүмкін болатын көмек мәселелері бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Украинадағы қазақ диаспорасы да көмектесуге дайын екенін білдірді", – дейді министрліктен.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу