Соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз - Мәулен Әшімбаев

755

Ұлы Жеңіс күні – елге мұра, ұрпаққа ұран болған өшпес ерліктің мерекесі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз - Мәулен Әшімбаев

"Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елге мұра, ұрпаққа ұран болған өшпес ерліктің мерекесі. Отан үшін от кешкен аталарымыздың батырлығы мен жанқиярлығының жарқын үлгісі. Президентіміз атап өткендей, халқымыз үшін Жеңіс күнінің қашанда орны бөлек. Өйткені еліміздегі әр отбасы сұм соғыстың азабын тартып, зардабын сезінді", - деді Мәулен Әшімбаев.

Оның атап өтуінше, майданға аттанған азаматтарымыздың жартысы елге қайтып оралмады. Ұрыс даласында қайсарлығымен көзге түскен 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Тылда қалғандар да күндіз-түні еңбек етіп, жеңіске жетуге зор үлес қосты.

"Сондықтан фашизмді күйретуге тікелей атсалысқан соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Аталарымыздың жанкештілігі мен әжелеріміздің төзімділігін кеңінен дәріптеу, арамызда жүрген майдангерлерімізге құрмет көрсету, өмірден өткендерінің рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Сол арқылы біз бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін түсінеміз. Өскелең ұрпақтың патриот болып қалыптасуына жол ашамыз. Мұның қазіргідей сын-қатерлер заманында маңызы аса зор. Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ардагерлерімізге мықты денсаулық және амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деді Сенат төрағасы

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу