Сол жағалаудағылардың өз "мұңы" бар

1382

Әкімдік теңгерімінде жоқ "ауадағы үйлер" Қызылорда да көп.  

Сол жағалаудағылардың өз "мұңы" бар

Сырдария өзенінің сол жағалауынан орын тепкен жаңа мөлтек ауданындағы үйлердің сапасы шынымен нашар ма? Өйткені, осыдан екі жыл бұрын қоныстанған тұрғындардың айтуынша, баспаналары қыстың көзі көгеріп жатыр екен. Ал, пластик терезеден азынаған жел үйді жылытпайды, дейді. Сондай-ақ, едендері де шіріп, газ пешінен аққан су қабырғаны бойлай ішке кетіп жатыр-мыс.

"Ығал қабырғаны бойлап, көгертіп, ыстап, мүжіп жеп жатыр. Еденнен шіріктің иісі шығады. Түніміз де күніміз де қорқынышпен өтеді. Пәленбай миллионға үй алдық деп қуанып ек", - дейді тұрғын Толқын Баймаханова.  

Енді екі айдан кейін, яғни сәуірде бұл үйлерді салған мердігер құрылыс компаниясының берген кепілдік мерзімі аяқталады. Бір жылдан бері осы мәселемен арпалысып келе жатқан тұрғындар мекеме табалдырығын тоздырып болдық, дейді. Әдепкіде, "әні-мінемен" келген компания өкілдері, соңғы уақытта "банкротқа түстік деп отыр", деп ашынады жұрт. Пандемияда көбісі жұмыссыз қалып үйдің несиесін әупірімдеп төлеп отырған тұрғындар мәселені әкімдік шешіп берсін, дейді.  

"Індетте бәріміз жұмыссыз қалдық. Айына 63 мың ипотеканың қарызы бар. Жығылғанға жұдырық болып, төбеден су кетеді, конденсаттан пешіміз күйеді. Оны амалсыз 90 мыңға тағы ауыстырасын. Бұл үйдің өзі жергілікті әкімдіктің балансында да жоқ екен", - дейді күйінген Құралай Әбдіраманова.

Әліптің артынан білгеніміз, бұл үйді жеке құрылыс компаниясы өз қаржысына салып, табыстапты. Енді "жыртықтарын жамау" тұрғындардың өз міндеті болмақ екен. Ал, газ пештерінендегі ақауды қалалық әкімдік шешіп бермек.  

""ҚазТрансГаз" Қызылорда өндірістік мамандарымен газдан бөлінген конденсаттарды пештерге зиян тимейтіндей етіп шығарып тастау үшін зерттеу жұмыстарын жүргіземіз", - деді қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Бұндай әкімдік теңгерімінде жоқ "ауадағы үйлер" қалада көп. Олардың мәселесімен әкімдік мамандарының айналысуға жүректері де дауалай бермейді. Күні кеше ғана өткен облыс әкімінің есебінде биыл дәл осы сол жағалаудан 15 үй берілмек. Ал оның сапасын алдағы уақытта анықтайтын боламыз.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу