Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатқан жоқ

Бүгінде Солтүстік Арал теңізіндегі судың көлемі 22 млрд текше метрден асқан. 

Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатқан жоқ Фото: rg.ru

Наурыздың соңына дейін теңізге жіберілетін су көлемі тағы да ұлғая түспек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтты. 
Оның сөзінше, Кіші Аралға су жіберу – нақты жұмыстардың нәтижесі. 

– 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың қаңтарына дейін минстрлік Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метрден астам су жіберді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық. Осы ретте Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікірдің қате екенін атап өткім келеді. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде ауқымды су тасқыны болған жоқ. Аралға су жіберу – су ресурстарын сауатты бөлу, оны үнемдеу және су дипломатиясының нақты нәтижесі, – деді ол. 

Бүгінде Солтүстік Арал теңізіндегі судың көлемі 22 млрд текше метрден асады. 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болған. 2025 жылдың соңына қарай 23,4 млрд текше метрге жетпек. 

– Минстрлік Орталық Азиядағы әріптестермен қол жеткізген келісімдер нәтижесінде биыл наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілетін судың көлемі 1,6 млрд текше метрге барады деп күтілуде, – деді министрліктің ресми өкілі. 

Бұған дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілгенін жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу