ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева теңіздің тұздылығы азайғанын да хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте ол күріш алқаптарын лазерлік тегістеу мен су үнемдеу технологияларын пайдаланудың да өз нәтижесін бергенін айтты.
– Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғая түсуде. Бүгінгі таңда ол 3065 шаршы шақырымға жетіп, 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп. Демек, теңіз ауданының өсімі судың тұздылығын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті, – деді министрліктің ресми өкілі.
Сондай-ақ, Мөлдір Әбдуалиева шаруаларды қолдауға министрлік тарапынан бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданғанын жеткізді.
– Күріш алқаптарын лазерлік тегістеу әдісі мен су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 миллион текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік берді. Қызылорда облысында көлемі 55 мың күріш алқабы тегістелді. Соның нәтижесінде орташа өнімділік гектарына 40-50 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып шаруаларды, диқандарды белсенді түрде су үнемдейтін технологияларды қолдануға шақырамыз. Министрлік шаруаларды қолдауға бағытталған бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдады, – деді ол.
Бұған дейін Солтүстік Арал теңізінің су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатпағаны туралы жазған болатынбыз.