Өңірдегі өткен кездесуде өсімдік және мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарында көктемгі дала жұмыстары барысымен, өңдеу және мал шаруашылығы салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Министр "Сервис Жарс" серіктестігінің тұқым шаруашылығында "Тризо" сұрыпты жұмсақ бидай егісінің жай-күйін көрді. Жалпы, көктемгі егіс 6 800 гектар алқапта жоспарланған, оның 4 мың гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға бөлінген.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс науқанының штаттық режимде өтіп жатқанын, шаруашылықтардың қажетті материалдық-техникалық ресурстармен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді. Ең маңыздыларының бірі – Кең дала 2 бағдарламасы. Шаруалар министрге бұл қолдаудың пайдасы көл-көсір екенін айтып, ризашылығын білдірді.