Солтүстік инвестициялық банк салықтан босатылады

1294

Хельсинкиде қол қойылған құжат Қазақстанда ратификацияланды. 

Солтүстік инвестициялық банк салықтан босатылады

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк  арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды. 

Бұл құжатқа былтыр 16 қазанда Хельсинки қаласында қол қойылған.

Келісім Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Солтүстік инвестициялық банктің қызметіне жол ашуды көздейді. 

"Солтүстік инвестициялық банк қаржыландыруының негізгі бағыттары энергетика, "жасыл экономика", телекоммуникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салалары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау секторы сондай-ақ  шағын және орта бизнес. Келісімде Қазақстанның заңнамалық актілерінде көзделмеген нормалар, атап айтқанда валютаның айырбасталуы, қаражат аудару, тендер өткізу және Солтүстік инвестициялық банктің активтері мен кірістерін салық салудан босату жөніндегі нормалар белгіленеді. Бұл халықаралық ұйымдардың стандартты шарттары. Келісім мүшелік жарналар және бюджеттен басқа да төлемдерді талап етпейді", – деді жиында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Айта кетейік, Солтүстік инвестициялық банк 1975 жылы құрылған. Қаржы ұйымы Скандинавия мен Балтық елдері мүше болып табылатын көпжақты даму банкі. Штаб-пәтері Хельсинки қаласында орналасқан. Аталмыш 
банктің жарғылық капиталы 6 млрд 142  млн еуро. Қомақты қаржы Дания, Эстония, Финляндия, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия, Швеция сияқты мүше мемлекеттердің төлемдерінен құралған. 

Солтүстік инвестициялық банктің стратегиясына сәйкес кредиттік портфельдің шамамен 20%-ы банкке мүше емес елдерге беріледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу