2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің тендерлік рәсімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Энергетика министрлігі Өкілетті органмен бірлесіп Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдерде Операторлардың реттелетін сатып алуларында өздері іске асыратын жобаларда тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің елішілік құндылығы үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Оның мақсаты – ірі мұнай-газ жобаларында елішілік құндылықты одан әрі дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау.
"Қазақстандық тауар өндірушілерді Қашаған жобасының реттеліп сатып алуларына тарту үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің тендерлік рәсімдеріне өзгерістер мен толықтырулар маңызды қадам болды", – делінген министрлік хабарламасында.
Бұл өзгерістер мен толықтырулар:
- оператордың жалғыз жергілікті өндірушіден тауарларға қажеттілігіне сәйкес сатып алу мүмкіндігін,
- жергілікті өндірушілер арасында тендер өткізуді,
- жергілікті өндірушілерге шартты жеңілдікті ұлғайтуды,
- инвестицияларға/ұзақ мерзімді келісімшарттарға айырбастауға келісімшарттар жасасуды көздейді.