Солтүстік Каспийдегі теңіз операциясының басталғанына 30 жыл

415

Мерейтойға орай Атырауда ауқымды конференция өтті.

Солтүстік Каспийдегі теңіз операциясының басталғанына 30 жыл

NCOC мен Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы ұйымдастырған шарада министрлік пен серіктес компания өкілдері, мұнай-газ өнеркәсібінің ардагерлері және шетелдік сарапшылар бас қосты. Ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосқан компанияның ендігі жоспары қандай?

"Қашаған" соңғы 50 жылда әлемде ашылған ең ірі мұнай кеніші. Қойнауында шамамен 9-13 млрд баррельден астам мұнай қоры бар. 1993 жылы отандық және шетелдік мұнайшылар қазынаны игеруге кірісті. Соның арқасында қазір, мұнай-газ қоры мен ең озық технологиялар шоғырланған дүниежүзілік жобалар қатарында.

"Менің ойымша бұл Қашаған тек қана өз өмірін бастап жатыр. Оның болашағы бәрі алда. Қашағаннан біз әлде де талай-талай рекордтар, талай талай жақсы нәтижелерді көреміз. Бұл бір бізге, Қазақстанға, қазағымызға құдайдың берген үлкен сыйлығы деп өзім ойлаймын. Себебі осының арқасында дүниежүзіне әйгілі болдық. Осының арқасында дамып келе жатырмыз. Біз әлі талай елдерден озып, осы мұнай шығарудан, экономиканың өсуінен талай жақсылықтарды еститін боламыз", - дейді Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов.  

NCOC компаниясы 2016 жылдан бері 92 млн тоннадан астам шикі мұнай өндіріп, экспорттады. Газ өндіру көлемі 56 млрд текше метрден, күкірт өндіру көлемі 8.5 млн тоннадан асты. Кеніштегі техниканың қауіпсіздігі 95 пайыздан асады. Бұл әлем бойынша ең үздік көрсеткіш. Соңғы 30 жылда Каспий теңізінің деңгейі едәуір төмендеді. Таяз суда теңіз кешенін пайдаланудың өз қиындықтары бар. Бірақ алпауыт компания мұндай мәселелерді шешудің тиімді шешімін тауып келеді.

"Солтүстік Каспий жобасы Қазақстан Республикасында теңіздегі мұнай газ кен орнын игеру бойынша алғашқы ауқымды жоба екені сөзсіз. Біздің теңіздегі және құрлықтағы активтеріміз қазіргі уақытта тұрақты, қауіпсіз және сенімді түрде жұмыс істеуде. Біздің нәтижелеріміз тек біздің қызметіміздің табыстылығын ғана емес, сонымен қатар қызметкерлеріміздің ерекше кәсіби біліктілігін, олардың сөзсіз адалдығы мен Компания стратегиясын жүзеге асыруда NCOC құндылықтарына деген бейілділігін білдіреді. Солтүстік Каспий жобасында жұмыс істейтін адамдар  біздің ең құнды активіміз", - дейді NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар.

2016 жылдан бері NCOC компаниясында шетелдік мамандар атқаратын лауазымдардың 70%-дан астамы қазақстандық кадрлармен алмастырылған. Қазіргі таңда  құрлық және теңіз нысандарында ешбір шетелдік маман жұмыс істемейтін көрінеді. Алда Солтүстік каспий жобасының аясында "Қашаған" кен алаңынан жылына 1 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Соның арқасында елдегі көгілдір отын сұранысы толық қамтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу