Солтүстік Қазақстан облысында 3 күннен бері 20 елді мекен тұрғындары жарықсыз отыр

310

Өңірдегі боранның салдарынан электр қуатынан ажырап қалған елді мекендерге тек ертеңдері ғана жарық берілуі мүмкін. 

Солтүстік Қазақстан облысында 3 күннен бері 20 елді мекен тұрғындары жарықсыз отыр Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбековтың айтуы бойынша, 26 желтоқсан күнгі боранда барлық 13 ауданның 181 елді мекені жарықсыз қалған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.

Қазіргі таңда, 8 ауданның 20 елді мекені электр қуатынан ажыраған. Олар – Есіл, Мамлют, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, Қызылжар, Айыртау, Шал ақын және Тимирязев аудандары. Жалпы, бұл 1053 абонентті құрайды.

"Үзілген жерлерді тез анықтап, қалпына келтіру мүмкін болмады. Оған біріншіден, ауа-райы әсер етті және жұмыс көлемі ауқымды. Бүгін-ертең барлығын қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта, 92 апаттық-жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. 195 техника жұмылдырылған. Жалпы, бізде кезекші апаттық-жөндеу бригадалары бар. Олар мереке күндері де кезекшілік атқарады", - деп түсіндірді Ерлан Қайырбеков.

Сонымен қатар, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша электр желілерінің 87%-ы тозған. Соның салдарынан қолайсыз ауа-райында электр сымдары үзіліп, зардабын тұрғындар тартып жатыр.

Айта кету керек, 18 қараша күні де облыстағы жауын мен дауылдың салдарынан 11 ауданда 217 елді мекен жарықсыз қалып, кейбір ауылдар электр қуатына тек бір аптадан кейін ғана қосылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу