Солтүстік Қазақстан облысында 3 мың адам маскүнем ретінде полицейлер есебінде тұр

385

Облыста тіркелген барлық қылмыстардың шамамен әр үшіншісіне ішімдік ішкендердің қатысы бар. 

Солтүстік Қазақстан облысында 3 мың адам маскүнем ретінде полицейлер есебінде тұр Фото: Интернет желісінен

Былтыр адам өлтірудің 29 дерегі тіркелсе, соның 26-сы мас күйде жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, өткен жылды қорытындылады. Өңір тәртіп сақшыларының алдына қойылған басым бағыттар мен жоспарлар туралы айтып берді.

"Талдауға сәйкес, елімізде тіркелген барлық қылмыстардың кемінде 3%-ы СҚО үлесінде. Өңірдегі жедел жағдай тұрақты. Соңғы 8 жыл ішінде қылмыстарды тіркеу төмендеген. Қазіргі басты мәселе – маскүнемдік. Өткен жылы мас күйде 676 қылмыс жасалған, бұл – барлық тіркелген қылмыстардың 27%-ы. Адам өлтірудің 29 фактісі тіркелсе, 26-сы мас күйде жасалған. Бұл денсаулыққа зиян келтіру, бұзақылыққа және басқа да қылмыстарға қатысты", - деді Айдын Қабдұлдинов.

Қазіргі уақытта СҚО полициясының есебінде алкогольдік ішімдікке тәуелді 3 мыңға жуық адам бар. Былтыр 219 маскүнем мәжбүрлі емдеуге жіберілген.

Айдын Қабдұлдинов интернеттегі алаяқтыққа да тоқталды. Былтыр қылмыстың бұл түрінен 537 млн теңге шығын келген. Тіркелетін әр төрт деректің біреуі ғана ашылады.

"Мұның бірқатар объективті себептері бар. Сондықтан, полицейлер күн сайын желіде қаржылық операцияларды орындау кезінде асықпау және жеке деректерін ешкімге бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатыр", - дейді облыстың бас полицейі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу