Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында ауылдық округ әкімдіктерінің бухгалтерлері бюджеттік қаражатты жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, заңдылықты қамтамасыз ету және бюджет қаражатының жұмсалуын талдау барысында қаржылық заң бұзушылықтар анықталған.
Тергеу нәтижесінде қаражатты заңсыз аудару, бухгалтерлік құжаттарға жалған мәліметтер енгізу және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері тіркелген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істер сотқа жолданып, сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Сот үкімімен бухгалтерлер кінәлі деп танылып, жазаны өтеу мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік қаражатты заңсыз пайдалану заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті.