Солтүстік Қазақстан облысының Булаево ауданында "Жастар" хоккей корты ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл – биылғы қысқы маусымда ашылған үшінші мұз айдыны. Бұған дейін Новоишимка және Мамлютка аудандарында дәл осындай спорт кешендері жұмысын бастаған болатын.
"Булаеводағы хоккей корты "Батыр Баян" спорттық-сауықтыру орталығы мен жаңа стадионның жанында орналасқан. Сөйтіп, бұл аумақта бірыңғай спорт кешені құрылды", – дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Нәтижесінде кешенде ауданның 120 тұрғыны спортпен тұрақты түрде шұғылдана алады. Ал "Жастар" кортындағы хоккей секциясына тағы 100 адамның қатысу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, мұнда шорт-трек үйірмесін ашу жоспарланып отыр.
Аймақ басшысының айтуына қарағанда, қазіргі уақытта екі ауданда хоккей кортының құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек тағы 7 мұз айдыны салынады. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы да қарастырылып қойды. Осылайша, облыстың әр ауданында мұздағы қысқы спорт түрімен айналысуға ниеттілерге жағдай жасалады.
Ажар Дәулетова