Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар алаңында айтты.
"Жергілікті билік халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Ол үшін еңбек өнімділігін ұлғайтып, ауыл шаруашылығын жаңғырту қолға алынды", – деді өңір әкімі.
Салаға 152,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы бұл көрсеткіш бойынша бүкіл республикада көш бастап тұр.
Өңірде инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асып жатыр. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару бар.
"Өңір халқының құс етіне, маусымаралық кезеңде көкөністерге қажеттілігі 100%-ға қамтамасыз етіледі, қосымша сүт өндірісі ұлғаяды. "EMC-Агро" шошқа өсіру кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Мұнда ет өндіру көлемі 10,5 мыңнан 20 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Инвестиция сомасы – 20 млрд теңге, 180 жұмыс орны ашылады", – деді аймақ әкімі.