Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады

449

Солтүстік Қазақстан облысында құны 76 миллиард теңге болатын 31 жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. 

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі аймақтың дамуы жөнінде, атап айтқанда, ауыл шаруашылығының дамуы, жылыту маусымына дайындық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндады.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде күзгі егін науқаны басталды. Биыл бидайдың бір гектарынан 16 центнер алу болжанып отыр. Облыста 170 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілмек. Өңір басшысы бұл көрсеткіш бойынша республикада СҚО көш басында тұрғанын жеткізді.

Аграрлық секторға биыл 180 миллиард теңге инвестиция тартылады. Солтүстік Қазақстан облысында құны 76 миллиард теңге болатын 31 жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына 2,4 мың техника алынған. Қазір аймақта 17 сүт фермасы, 3 құс фабрикасы, жылыжай кешені және май экстракциялау зауыты салынып жатыр. Өңірде сүт өндірісі 26 пайызға өскен.

Президентке өнеркәсіп саласындағы жобалар туралы да айтылды. Биыл кірпіш зауыты мен темір бетон бұйымдары, ірімшік шығаратын сүт зауыты ашылды. Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика мен автоклавты газоблоктар кәсіпорны іске қосылмақ. АЖТ, электр қалқанының жабдықтары және жеңіл темір құрылысы сынды жобаларды іске асыру басталады.

Жаңа оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде заманауи зертханалармен жабдықталған оқу-зертханалық корпус ашылады. Әлемдегі үздік 100 жоғарғы оқу орындарының бірі – Аризона университетімен бірігіп, қос дипломды білім алуға студенттерді қабылдау алғаш рет жүргізілді.

Облыста биыл 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Аймақтағы жолдарды жөндеуге биыл 22 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 663 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар 55 ауылда су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев егін жинау науқанын жоспарға сай орындауды және облыстағы өзге де жобаларды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу