Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды оңалтудың цифрлық күнделігі сынақтан өтеді

309

Жоба аясында 180 балаға үй жағдайында кешенді көмек көрсетіледі.  

Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды оңалтудың цифрлық күнделігі сынақтан өтеді Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа тәсілі сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба барысында әр саланың мамандары тартылып, FSM Social цифрлық платформасы қолданылады.

Жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады. Сынаққа 180 бала қатысады. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 20 және психоневрологиялық бұзылыстары бар 160 бала бар.

Жобаның негізгі мақсаты – әр балаға қажетті көмекті уақытында көрсету. Осы үшін мамандар баланың жағдайын жеке бағалап, соған сәйкес қолдау түрін анықтайды. Жобаға 7 дәрігер, 9 логопед және 8 психолог қатысады. Олар балалардың үйлеріне барып жұмыс істейді, ал қажет жағдайда онлайн кеңес беріп, ата-аналарға баланың дамуы мен оңалуына қатысты ұсынымдар береді.

Баламен жүргізілетін жұмыстың барлық кезеңін бір жүйеге біріктіру үшін FSM Social цифрлық платформасы пайдаланылады. Оны оңалтудың цифрлық күнделігі деуге болады. Платформада мамандардың ұсынымдары мен берілген тапсырмалардың орындалуы белгіленеді. Бұл оңалту барысын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсілде көмек маманның үйге келуімен ғана шектелмейді. Ата-аналар мамандар берген жаттығулар мен тапсырмаларды үй жағдайында жалғастыра алады. Ал бейінді мамандар баланың оңалу барысын қашықтан бақылап, қажет болса ұсынымдарын өзгертіп немесе толықтырады.

Жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижелері сараланып, тәсілдің тиімділігі бағаланады. Оң нәтиже көрсеткен жағдайда бұл модельді Қазақстанның басқа өңірлерінде де енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу