Самат Ескендіров үлескерлерді алдап, жерлерін сатып жібергені үшін сотталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жауапкер Е. және басқа тұлға несие алу үшін жалған жиналыс хаттамаларын жасаған. Олар ЖШС қатысушыларының келісімінсіз Бурабай ауданы тұрғындарының жер телімдерін кепілге қойған. Бір топ адамдар ауыл тұрғындарының жер үлестерін заңсыз иемденіп, еншілес кәсіпорынға жер учаскесін кепілге берген және иеліктен шығарған. Нәтижесінде, жәбірленушілерге аса ірі көлемде материалдық залал келтірілген. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің "Адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемдегі алаяқтық" ретінде бағаланады", – деп мәлімдеді Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, бұрынғы әкімнің кінәсі жәбірленушілер, куәгерлер, тінтулер, тәркіленген төлем тапсырмалары, сараптамалық қорытындылар және тәуелсіз аудитордың айғақтарымен дәлелденді.
"2023 жылы сот шешімімен ЖШС құрылтайшылары жиналысының шешімі және құқықтарды үшінші тұлғаларға беру туралы келісім жарамсыз деп танылды. Осыған байланысты, жер учаскесі жәбірленушілерге қайтарылды. Ауыл тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы сот үкімі шығарылды. Е.-ге ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген ақпаратта.
Еске салайық, ағымдағы жылдың жазында Ақмола облысында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы сенатор Самат Ескендіровке қатысты сот процесі өтіп жатқаны белгілі болды.
Бұған дейін облыстық соттың баспасөз қызметі жоғары лауазымды шенеунікке қатысты істің Көкшетау қалалық сотында қаралғанын хабарлаған болатын. Оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін айып тағылған еді.