Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері Қытайға жылына 10 мың тонна өнім өткізеді, деп хабарлайды palata.kz.
Тағамдық табиғи тазартылмаған зығыр майын шығаратын "Династия Агро" компаниясы нарыққа енді шығып жатса да, айтарлықтай жетістікке жетті. Май дақылдарын қайта өңдейтін цех 2016 жылдың 16 желтоқсанынан бастап жұмыс істейді.
"Цех Солтүстік Қазақстан облысында май дақылдарын өсіретін ауданда орналасқан. Тиісінше, шикізаттан тапшылық болмайды. Былтыр 26 мың гектар жерге май дақылдары егілді. Мұнымен қоса, біз өз жерімізде де өсіреміз. Кәсіпорындағы жабдықтар жаңа, оны таяуда ғана орналастырды", – деді "Династия Агро" ЖШС директоры Илья Кан.
Жобаны жүзеге асыру үшін жеке қаражаттан 40 млн теңге инвестиция құйылды, сонымен қатар, екінші деңгейлі банктен 27,5 млн теңге несие алынды. Қарыз ақша құю тізбегі мен бөтелкеге компания логотипін бастырып жасайтын пресс-қалып алуға жұмсалды.
"Бүгінде тәулігіне кемінде 20 мың тонна май дақылы қайта өңделеді, май шикізаты бойынша өнім көлемі 6,7 мың тонна. Компания енді құрылды, алайда болашаққа деген жоспарымыз айқын: біз өндіретін май Қазақстанға ғана таралмайды, шетелге, атап айтқанда Қытайға шығарылады. Сұраныс жоғары. Алғашқы серіктес ынтымақтастық талаптарымен және цех жұмысымен танысқаннан кейін, 5 мың тонна май сатып алуға келісімшарт жасады. Қазіргі таңда екі сатып алушыға жөнелтілді. Сонымен қатар 4 компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатыр, олардың әрқайсысы 1,2 тонна сатып алуға дайын", – дейді ой бөліскен Илья Кан.