Болашақ инженер Ерлан Құдайберген Аққайың ауданы У. М. Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінде білім алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол жасаған шахмат тренажері ойынды үйренгісі келетін, бірақ фигуралардың жүрісін білмейтіндерге арналған. Электронды құрылғыдағы фигураны қозғаған кезде шам жанып, оның жүріс жолын көрсетеді. Сондай-ақ дыбыс арқылы әр шахмат тасының ерекшелігі айтылып, кеңес беріледі.
"Тренажердің ойын және оқыту режимі бар. Ал оны жасауға Президентіміздің шахмат ойынын мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысы себеп болды. Тренажерді жасауға ұстазым Берік Аманжол көмектесті. Алты ай бойы еңбектендік. Қажетті бөлшектерін сатып алдық, құрастырып, бағдарламалық кодын жазып шықтық. Ең қиыны да осы бағдарламасы болды", – дейді Ерлан Құдайберген.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, Ерлан осы жобасымен республикалық байқауға қатысып, "Информатика, робототехника, STEM және инженерия" секциясында 2 орынды иеленді. Қазір оның тренажерін мектеп оқушылары қолданып, шахмат ойынын үйреніп жатыр.