Солтүстік Қазақстанда бір тәулікте 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды

225

Эвакуация ауылдарда ғана емес, Петропавлдың шеткері аудандарында да жүріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Солтүстік Қазақстанда бір тәулікте 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды Фото: СҚО білім басқармасы

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінде су тасқынына қатысты брифинг өтіп, ведомство бастығы Ерік Сарыбаев қазіргі жағдайға тоқталды.

"Жағдай өте қиын. Осы күнге дейін 617 үйді су басты, алайда бұл цифр әр минут сайын өзгеріп жатыр. Өкінішке орай, су кірген үйлердің саны көбею үстінде. 
Тек өткен тәулікте Петропавл қаласында ғана Есіл өзені суының деңгейі 1 метрден жоғары көтерілді. 3 670 адам облыс бойынша қауіпсіз аймаққа көшірілді. Тек кеше ғана 1 792 адам эвакуацияланды.
Петропавлдағы Ойқала, Былғары зауыты аудандарынан қазір тұрғындарды көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғындар негізінен туыстарына кетіп жатыр. Алайда эвакуациялық пункттердің саны өсіп жатыр, тағы 3 мектеп және екі жатақхана берілді. 2,5 мың үй жануары қауіпсіз аймаққа шығарылды", - деді Ерік Сарыбаев.

Қазіргі уақытта тек жеке құрамнан 4,5 мың адам тасқынмен күреске жұмылдырылған.

Жолдарды су басу фактілері бар. Автожолдарда 65 учаске үстінен су кетті, оның 19-ы әлі де су астында жатыр.

"Судың ағыны жоғары, алдыңғы жылдармен салыстырғанда биылғы су тасқынының жағдайы бөлек, бұрын Сергеев су қоймасынан шыққан мұздың барлығы жеткенше дейін еріп үлгеретін. Биыл сумен бірге мұз да келе жатыр. Мұз үлкен бөлшекпен келіп, жолдағы кездескен аеғаштарды, құрылыстарды, электр бағандарын пышақпен кескендей бұзып келеді.

Су тасқынының алдын алу үшін бөгеттер, дамбалар нығайтылды, елді мекендердің айналасына үйінділер жасалды. Алайда мұз кептелісі мұның бәрін бұзып жатыр.

Ең қиын жағдай қазір Петропавлда қалыптасқан. Бірінші көтергіш сорғылау станциясы істен шықты. Оған себеп – авариялық жағдайда қосылатын төрт электр желілері бағандарының бірдей мұздан зақымдануы. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың, Үкіметтің тікелей бақылауымен жөндеу жұмысы күні-түні жүргізіліп жатыр", - деді Ерік Сарыбаев.

Департамент басшысының айтуынша, тұрғындардың көпшілігі арнайы қызметтердің талаптарына құлақ аспауда. Бұл – бірінші кезекте қауіпсіздік, адамдар өз өмірін қауіпке тігуде.

Осыған орай Ерік Сарыбаев тұрғындарды көшіру жұмыстарына түсініктікпен қарауды сұрады. Судың келгенін күтпей алдын ала эвакуациялау жүргізуге тура келіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу