Солтүстік Қазақстан облысында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа жобасы іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында балаларға үйдегі әлеуметтік қызметтермен қатар логопед, психолог, оңалту және басқа да бейінді мамандардың қашықтан көмегі көрсетіледі. Бұл әсіресе аудан және облыс орталығынан шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін маңызды.
Алғашқы кезеңде жобаға 180 балаға дейін қамтылады. Қатысу ерікті түрде жүзеге асады. Әр балаға қажетті көмек жеке бағаланып, мамандардың кеңесі мен тапсырмалары "FSM Social" платформасы арқылы беріледі.
Жоба 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы сәуірге дейін жүзеге асырылады. Оның нәтижесі бойынша қашықтан сүйемелдеудің тиімділігі бағаланып, тәжірибені әрі қарай қолдану мүмкіндігі қаралады.