Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары қоныс аудару бағдарламасы бойынша бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қадағалау органы тексерулер аясында әлеуметтік шарттың қабылданған міндеттемелерін орындамау және тұрғын үй құнын асыра бағалау мақсатында қолданыстағы заңнаманың өрескел бұзылуын анықтады.
Осылайша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Жамбыл аудандарында Қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар Әлеуметтік кодекстің талаптарына және адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының талаптарына қарамастан, тұрғын үй сатып алу шығындарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша үлкен көлемде алу мақсатында олардың нақты құнын жасанды түрде асыра көрсеткен.
Осындай заңсыз әрекеттерден мемлекетке жалпы сомасы 11,3 млн теңге шығын келтірілген", – делінген хабарламада.
Осы фактілерге сүйене отырып, прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабына "Алаяқтық" сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Аудандық сот үкімдерімен Бағдарламаның 3 қатысушысы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды (заңды күшіне енген).
Сонымен бірге, Әлеуметтік шарт бойынша өз міндеттемелерін бұза отырып, мемлекеттен қаржылай көмек алған Қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрақты тұру үшін қоныс аударған орнынан Республиканың басқа аймақтарына көшкен.
Осыған қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері 103,6 млн теңге көлеміндегі төлемдерді өндіріп алу шараларын қолданбаған.
Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері (оның ішінде Мансап орталықтары филиалының 11 басшысы) тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 19,1 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өтелді.
Қалған сомаға талап арыздар сотқа беріліп, қаралуда.
Бюджеттік қаражатты жұмсау мәселесі облыстық прокуратураның бақылауында.