Солтүстік Қазақстан облысында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті еліміздегі дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және сапалы білім алуға мүмкіндік жасап келеді.
Мемлекеттік мәдени саясат аясында жаңа оқу жылынан бастап университеттің Солтүстік Қазақстан облысында өкілдігі ашылады. Бұл бастама өңір жастарының өнер саласында білім алуына қолжетімділікті арттырып, олардың кәсіби дамуына жол ашады.
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті – музыка, театр, бейнелеу өнері, кино және теледидар, арт-менеджмент бағыттары бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі. Университет түлектері халықаралық байқаулар мен фестивальдерде ел намысын қорғап, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді.
Жаңа өкілдіктің ашылуы Солтүстік Қазақстандағы дарынды жастарды қолдауға серпін беріп, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Талапкерлерді қабылдау "Өнер және гуманитарлық ғылымдар" бағыты бойынша келесі білім беру бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады: театр өнері, бейнелеу өнері, вокал өнері, дәстүрлі музыка өнері, эстрада өнері, кино және теледидар режиссурасы.
2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау және кеңес беру жұмыстары 2026 жылғы 20 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайында жүргізіледі. Қабылдау емтихандары 2026 жылғы 7 шілдеден басталады.