4 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы Сергееевка су қоймасындағы су деңгейі 993,3 млн текше метрден 940,3 млн текше метрге дейін төмендеді, деп хабарлайды төтенше жағдай комитетінің мамандары.
"Өткен тәуліктерде Ақтөбеде бұрын эвакуацияланған 1106 адам өз баспаналарына оралды. Ақмола, Қызылорда, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарында елдімекендерді су басу қаупі әлі де сақталғандықтан, жағаны бекіту, уақытша бөгет салу, инертті материалдары бар қапшық қою жұмысы жалғасады және Сырдария, Есіл, Нұра өзендеріндегі су деңгейіне бақылау жүргізіліп, тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауылында құтқарушылар жер асты суларын сорып жатыр", – деп жазылған комитет таратқан хабарламада.
Апаттан құтқаруға және шұғыл жұмыс жүргізуге республикада төтенше жағдай комитеті бөлімшелерінен, жергілікті атқару органдарынан, жергілікті полиция қызметінен, Ұлттық гвардиядан және өзге ұйымдардан 1420 адам, 404 дана техника, 43 су сору құралы және 24 жүзу құралы жұмылдырылды.