Солтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын өз бетінше пайдалану және жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындамау фактілері анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, 7 тамызда Петропавл маңында кәсіпкерлік субъектісі арнайы техниканы пайдаланып, кең таралған пайдалы қазба – сазды заңсыз өндірген. Заңсыз өндірілген топырақ көлемі 50 тоннаны құраған.
Аталған факт Петропавл қаласы полиция басқармасының АЕК-не тіркеліп, тиісті шара қабылдау үшін облыстық Экология департаментіне жолданған. Департаменттің 18 тамыздағы қаулысымен кәсіпкерлік субъектісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар 2024–2025 жылдары 11 жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталуы тиіс жалпы сомасы 10,5 млн теңге қаражатты аудармағаны анықталды.
Бұдан бөлек, жер асты суларын пайдаланатын 26 субъект салық заңнамасын бұза отырып, жалпы сомасы 29 млн теңге болатын қол қою бонусын төлемеген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді. Қалған соманы өндіріп алу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Прокуратура жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, азаматтар мен заңды тұлғаларды белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.