Солтүстік Корея басшысының қайда екені әлі жарияланбады – Reuters

631

Ким Чен Ын қатты науқастанып, оның орнына қарындасы билікке келеді деп жазып жатқандар бар.

Солтүстік Корея басшысының қайда екені әлі жарияланбады – Reuters

Соңғы күндері Солтүстік Корея мемлекетінің басшысы Ким Чен Ынның денсаулығы күрт нашарлап кеткені туралы ақпарат таралып кетті. Осы күнге дейін ядролық қаруы бар мемлекеттің тізгінін ұстап отырған көшбасшының жүрек-қантамырына операция жасалып, жағдайы нашарлап кетті деп жарияланып келді. Оның орнына енді қарындасы билікке келеді деп жазып жатқандар бар. Бірақ әзірге елдің бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайында тіс жармай отыр. Тек Кимнің жетістіктері, бұрын айтып кеткен сөздері мен экономикаға қатысты үндеулері жариялануда. 

2018 және 2019 жылдары Ким Чен Ынмен кездескен АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай мәлімдемелердің нақты расталмағанын әрі оларға сенбейтінін жеткізді.

Еске сала кетсек, осы жылдары Вашингтон Пхеньянды ядролық қарудан бас тартуға көндірмек болған. Бірақ одан еш нәтиже шыға қоймаған еді.

Жапонияның Asahi басылымы Ким Чен Ынның туған қарындасы Ким Е Чжонның ықпалының соңғы кезде арта түсуін Ким денсаулығының нашарлауы мүмкін деген болжаммен байланыстырып отыр. Басылымның дерегінше, қарындасы солтүстіккореялық иерархиядағы екінші адам саналады. Өйткені өткен жылы Кореяның еңбек партиясы орталық комитетінің пленумында Ким Чен Ын еңбекке қабілетсіз болған жағдайда билік оның қарындасына берілетіні туралы шешім қабылданған көрінеді. Осыдан кейін Ким Е Чжонның есімі КХДР-дың маңызды деген құжаттарында атала бастады. 

Ескере кететін жайт, 15 сәуірде Ким Чен Ын мемлекеттің негізін қалаушысы әрі оның атасы Ким Ир Сеннің туған күнін атап өту шарасына келмегеннен кейін, оның денсаулығына қатысты алып-қашпа сөздер көбейіп кеткен болатын.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу