Солтүстік Корея билігі Hwasong-12 деп аталатын баллистикалық зымыран ұшырылғанын растады, деп хабарлайды inbusiness.kz Оңтүстік Кореяның "Ренхап" агенттігіне сілтеме жасап.
"Сынақ қару-жарақ жүйесінің дәлдігін тексеруге бағытталды. Оның барысында Hwasong-12 зымыранының тиімділігі расталды", – деп жазылған Солтүстік Кореяның ресми мәлімдемесінде.
КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын зымыранды ұшыру сынағына қатысқан жоқ.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның әскери күштері Солтүстік Корея Чагандо провинциясынан Жапон теңізіне қарай бір баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлады. Оның қашықтығы – шамамен 800 шақырым, ұшу биіктігі – 2000 шақырым.
Бұл – Пхеньянның жыл басынан бері өткізген жетінші сынағы. Бұған дейін КХДР 5 және 11 қаңтарда гипердыбыстық зымырандарды, 14-і екі баллистикалық зымыранды, 17-і тактикалық басқарылатын зымырандарды, 25-і қанатты зымырандарды және 27-сі тактикалық басқарылатын зымыранды сынақтан өткізді.
Табиғат Нұрболат