КХДР жетекшісі Ким Чен Ын Оңтүстік Корея мен АҚШ солтүстіктің егемендігін бұзу үшін қарулы күштерді қолдануға тырысса, Пхеньян қарудың барлық түрлерін қолданудан "тартынбайды" деп сендірді.
Бұл туралы Кореяның орталық телеграф агенттігі (КОТА) хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Егер жауларымыз біздің бірнеше рет айтылған ескертулерімізді елемей, Оңтүстік Корея мен АҚШ альянсына деген сенімділікпен КХДР егемендігін бұзу бағытында бір қадам болсын алға басса, онда біз қарудың барлық түрін, тіпті ядролық қаруды қолданудан тартынбаймыз", – деді Ким Чен Ын.
Сәрсенбіде Солтүстік Корея көшбасшысы Корея халық армиясының арнайы күштерінің оқу базасына барып, онда жаттығулар барысын бақылады.
Солтүстік Корея басшысы өз сөзінде КХДР – ядролық мемлекет екенін және "әскери қақтығыс" жағдайында "Сеул мен Корея Республикасының (Оңтүстік Корея) жермен-жексен болатынын" еске салды.
Сонымен қатар, Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдің жақында Сеул-Вашингтон альянсы тарапынан "әскери күшпен басым әрекет ету туралы айтқан" сөзін "күлкілі әзіл" деп атады.
Солтүстік Корея басшысының айтуынша, "аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті бұзатын күштер" – Оңтүстік Корея мен АҚШ.