Солтүстік Корея тағы да орта қашықтықта ұшатын баллистикалық зымыранды ұшырды. Зымыранның ұшырылғанын АҚШ қарулы күштері Тынық мұхит қолбасшылығы да нақтылап отыр, деп хабарлайды inform.kz.
Зымыран Корей түбегінің шығыс жағалауынан Жапонияға қарай бағытталған. Америкалық әскерилердің мәліметіне жүгінсек, зымыран Жапон теңізінің бейтарап аймағына құлаған.
Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, зымыран 9 минут бойы ұшқан. Осы уақыт аралығында ол 60 км қашықтықты жүріп өткен. Солтүстік Кореяның бұл жолғы зымыран сынағы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа баруына 1 күн қалғанда жасалып отыр.
Қытай көшбасшысының Дональд Трамппен арадағы талқылайтын мәселелерінің бірі – Пхеньянның зымыран-ядролық әлеуетін тоқтату.