Ким Чен Ын билікке келгенге дейін оларға тек жол қозғалысын реттеуге рұқсат етілді және көлік жүргізуге тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Кореяда кейбір автомектептер Социалистік әйелдер одағының бастамасымен әйелдерді оқытуға кірісті. Жүргізуші куәлігін алу процесі ұзаққа созылып, 18 айға дейін күтуге тура келуі мүмкін. Бұл өзгерістерге қатысты ресми ақпарат болмаса да, сарапшылар мұны Ким Чен Ын билігі кезіндегі қоғамдық-саяси сақтықпен жасалып жатқан ашықтықтың белгісі деп бағалап отыр.
Жол қозғалысы ережелерінің жеңілдеуі туралы алғашқы мәліметтер мемлекеттік БАҚ-та да көріне бастады. Мысалы, 2021 жылы "Нодон Синмун" партиялық газетінде әкесінің ісін жалғастырып, жүк көлігін жүргізуді меңгерген жас келіншек жайлы мақала жарық көрген.
Ким Чен Ын 2012 жылы билікке келгеннен кейін әйелдерге велосипедпен жүруге рұқсат беріп, бұл саладағы шектеулерді азайта бастады. Ал бұған дейін, 1996 жылы оның әкесі Ким Чен Ир шенеуніктің қызы қатысқан қайғылы оқиғадан кейін әйелдерге велосипед тебуге тыйым салған болатын. Ол әйелдердің киім киісіне алаңдап, "былғары белдемшелері назар аударады" деп қауіптенген. Сол кезеңде әйелдерге шалбар киюге де тыйым салынған.
Қазір Пхеньянда әйелдер еркін велосипед тебеді – бұл олардың жалғыз көлік құралына айналған. Сондай-ақ шалбар киюге қатысты шектеу алынып тасталды. Ким Чен Ынның жұбайы Ри Соль Джу да кейде шалбар киіп, көпшілік алдына шығады.