"Солтүстік теңіз жылып барады": Германиядан тұңғыш рет субтропикалық медузалар табылды

Осыған дейін аталған медузалар Шотландия мен Дания жағалауынан да көзге көрінді.   

"Солтүстік теңіз жылып барады": Германиядан тұңғыш рет субтропикалық медузалар табылды Фото: Bild

Мамандардың сөзінше, Германияның Зильт аралының жағалауындағы ерекше құбылыс адамға аса қауіпті емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Десе де, теңіз биологтары олардың Солтүстік теңізде пайда болуын "алаңдатарлық белгі" деп бағалап отыр. Себебі, бұл аймақтағы судың барған сайын жылып келе жатқанын көрсетеді. 

Өткен жылы дәл осы медузалардың миллиондағаны Майорка жағажайларына шығып қалған. Теңіз биологы Райнер Борхердингтің сөзінше, жылы суды ұнататын өзге де, әлдеқайда қауіпті түрлердің солтүстікке қарай жылжуы мүмкін. Олардың қатарында жанасқан кезде адам терісін қатты күйдіретін португал кемесі мен жарқырауық медуза да бар.

Желкенді медузалардың атауы да бекер қойылмаған. Олар теңіз бетінде шағын үшбұрышты "желкенінің" көмегімен қозғалады. Жел сол желкенді іліп әкетіп, медузаны су бетімен алып жүреді.

Ғалымдар соңғы уақытта жылы суды ұнататын балықтар, шаянтәрізділер, ұлулар және басқа да теңіз жануарларының Солтүстік теңізге қарай жиі жылжып жатқанын атап өтті.

Еуропаның Copernicus мониторинг қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері мұхиттың жаһандық беткі температурасы 21,1 градусқа жеткен. Бұл – 1979 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылаулар тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу