"Мәңгілік ел жастары - индустрияға!" ("Серпін") бағдарламасы басталғалы бері 4 жылда Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарында – 6490, колледждерде – 1938 жас білім алуда. Демек, бағдарлама аясында білім алып жатқан жалпы жастардың 50 пайызы түстік өңірге тиесілі. Бұл туралы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейтжапбаров мәлім етті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
2017-2018 оқу жылына "Мәңгілік ел жастары - индустрияға" бағдарламасына барлығы 4513 грант бөлінген. Биыл Түркістан облысында мектепті 33 мыңнан астам оқушы бітіріп, олардың 22091-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 19 мыңнан астамы шекті балды жинады.
"2018-2019 оқу жылында "Мәңгілік Ел жастары - индустрияға" жобасына 5829 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оның ішінде, жоғары оқу орындарына - 5089 грант бөлінсе, кәсіптік-техникалық колледждерге - 740 грант қарастырылған. Биылғы жылы талапкерлерден құжат қабылдау мерзімі ерте басталды. Яғни осы жылдың 18-26 шілде аралығында Қазақстан бойынша барлық жоғары оқу орындарында құжаттар қабылданады", - деді Мұхтар Сейдахметұлы.