Сөмкеге сыйып кететін темір тұлпар

711

Естімеген елде көп демекші, жапондар мотоциклге ұқсас көліктің адам ойына келмейтін жаңа түрін жасап шығарды. Мұндай көлікті техниканың тілінде электороскутер дейді екен. Бір таң қаларлығы, көлікті сөмкеге немесе рюкзакқа салып жүре бересіз. Керек жерінде шығарып үрлеп жіберсеңіз дөңгелекті тұлпарға айналып шыға келеді. Ал діттеген жеріңізге жеткеннен кейін тоқтап, желін шығарып жібересіз де сөмкеңізге салып аласыз. Салмағы да жеңіл деседі.

Сөмкеге сыйып кететін темір тұлпар

Электроскутер сағатына 15 шақырым жер жүреді екен. Бір қуаттап алса 1,5 сағат тоқтамай жүріп отыруға жетеді. Әзірге скутердің жаппай өндіріске қашан шығарылатыны белгісіз. Өйткені оның қауіпсіздігін тексеру керек. Ғалым-инженерлер скутердің жұп-жұмсақ екенін айтады. Ол әуе шары немесе баскетбол добы сияқты. Ол үстінде отырған адамның бойы мен салмағына қарай пішінін өзгерте алады. Инженерлер уақыт оздырмай скутерді жан-жақты жетілдіре түспек. Әзірге жасап шығарылған аз ғана скутер сынақтан өткізіліп жатыр.

Скутерді басқару да оңай көрінеді. Тіпті әйел, бала-шаға да, егде жастағылар да жүргізе беруіне лайықталып жасалған. Дүкенге, сабаққа, жұмысқа немесе серуендеуге шыққанда мініп жүре беруге ыңғайлы көлік. Өзі де құны арзан болып шығарылатын сыңайлы. Егер өндіріске қойылса бүкіл әлемге экспортталатыны осы бастан белгілі.

Сол сияқты, әлемде көліктің ең үлкен түрі деген өлшем де бар. Мысалы, әлемдегі ең ірі көлікті беларустар шығарады екен. Беларустың БелАЗ жүк көлігі 2020 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Оның салмағы 810 тонна, ал қуаты 4 600 аттың күшіне тең. Мұндай алып жүк көлігі әзірге өзге жерде шығарылған жоқ. Оны көлік атаулының ішіндегі алыбы десе де болады. Қорабындағы жүкті өзі аударады. Түсірген жүгі тау сияқты үйіліп, ұшар басы аспанмен таласады. 

Әлемде көліктің түрі көп. Ең ұзын көлік деген де бар екен. Ол Америкада. Ұзындығы 30 метрлік лимузиннің 26 дөңгелегі бар, ал іші 50 орындық. Лимузиннің ішінде бассейн бар, ал төбесіне тікұшақ қонатын алаңша орнатылған. Көшенің бұрылыстарына келгенде лимузин ортасынан екіге ажырап, қайта жалғана береді. Лимузиннің екі жүргізушісі болады. Бірі алдында болса, екіншісі соңында отырып жүргізушілік етеді. Соңында отыратын жүргізуші лимузиннің арқаға қарай қозғалысын басқарады. Бұл лимузин көшеге көп шықпайды. Тек тапсырысқа қарай ғана бой көрсетіп тұрады. Көліктің аталуы – Cadillac Eldorado.

Ең жылдам көлік дегенді де есептеп шығарып қойған. Ең жылдам көліктер, әрине, Германиядан. Hennessey Venom GT деп аталатын темір тұлпар сағатына 435 шақырымды басып өтеді.  Әзірге жылдамдығын одан асыра жүре алатын дөңгелекті көлік жоқ.

Екінші орындағы Veyron Super Sport көлігі сағатына 431 шақырым жүреді. Жылдамдығы жөнінен үшінші кезекке шыққан көлік – Buqatti Veyron EB деген темір тұлпар. Бұл көлік сағатына 408 шақырымды басып өтеді. Төртінші орында – Saleen S7 TT деген көлік. Жылдамдығы сағатына 399 шақырым. Бесінші орында – Koeniqseqq CCX деген темір тұлпар. Жылдамдығы сағатына 394 шақырым.

Ал словакиялық шеберлер былтыр тіпті ұшатын автокөлік ойлап тапты. Кәдімгі қанатын жазып ұшатын автомобильді сынақтан өткізді. Көп ұзамай мұндай автокөліктер нарыққа шығып та қалар. Қажет жерде көлік бүктеулі тұрған қанатын жазып, ұша алады. Бір ұшқанда мың шақырымға дейін қонбай ұшады. Ұшу жылдамдығы сағатына 200 шақырым. Мұндай көлікті басқару да оңай әрі қарапайым деседі.

Осының бәрінен қызығы жапондардың скутері болып тұр. Сөмкеге салып ұстап жүретін көліктің әлем күтіп отыр. Арзан әрі өте тиімді көлік осы болатын сыңайлы.

Әлемдегі бүкіл техника атаулының басында дөңгелекті ойлап табу тарихы тұр. Алғашқы дөңгелектің қашан және қайда пайда болғаны жөнінде әрқилы болжамдар айтылады. Сондай болжамдардың бірі ежелгі көшпенділердің тіршілігіне де барып тіреледі. Киіз үйдің пішіні мен оның шаңырағының домалақ болып жасалуының өзі дөңгелекті алғаш ойлап тапқандар қазіргі біздің жерімізді мекендеген ежелгі тайпалар болуы мүмкін деседі.

Ал бүгін Қазақстан озық технологиямен, автоөнеркәсібімен мақтана ала ма? Әлде өзгелердің көлігін жинағанымызға тоқмейілсіп жүре береміз бе? Әлем көші ілгерілеп ұшатын көлік жасап жатқанда өркениеттен қалып кетпесек болғаны.

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу