Соңғы 10 жылда әлемде 82 миллион гектар орман өртенді

1000

2016 жылы ең көп алқап өртенді. 

Соңғы 10 жылда әлемде 82 миллион гектар орман өртенді Фото: ЛИВЕНЬ. Living Asia

​Соңғы 10 жылда дүниежүзінде 82 миллион гектарға жуық орман алқабы отқа оранды. Ал ең үлкен апаттар Австралия, Ресей, Канада және АҚШ-та тіркелді.

​Әлем бойынша орман өрттері туралы мәліметтерді жинақтайтын "Global Forest Watch" сайтының деректеріне сәйкес, соңғы 10 жылда 82 миллион гектар орман алқабы өртенген. Ал 2016 жылы 9,63 млн гектар жер қызыл жалынға оранып, орман алқабына ең көп шығын әкелген.

​Соңғы 10 жылдағы ең үлкен өрттер Австралия, Ресей, Канада және АҚШ сияқты елдерде орын алса, қазір Канада, Грекия, Алжир және Италияда басталған өрттерді сөндіру жалғасуда.

Соңғы 10 жылдағы ең ауыр орман өрті Австралияда

​Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Австралияда соңғы 10 жылдағы ең ауыр орман өрті 2019 жылдың қыркүйегінде басталып, шамамен 6 айға созылған. Ауқымды орман өрті салдарынан 479 адам қаза тапқан. Ел тарихында "Қара жаз" деген атпен қалған апатта 24 миллион гектардан астам аумақ пен 3500 үй өртеніп, жан жануар күлге айналды.

​Австралияда шамамен 6 айға созылған бұл өрттер соңғы 10 жылдағы әлемдегі ең үлкен орман өрті ретінде тарихқа енді.

Ресейде 2021 жылы соңғы 10 жылдағы ең үлкен орман өрті тіркелді

​The Guardian газетінің хабарлауынша, Ресейде соңғы 10 жылдағы ең ірі орман өрті 2021 жылы болған. Өрт 18,16 миллион гектардан астам орман алқабын шарпыған.

Қазір Канадада орын алған орман өрттері соңғы 10 жылдағы ең үлкен өрттердің қатарына кірді

​Канаданың табиғи ресурстар министрлігі мен ведомствоаралық орман өрті орталығы жариялаған мәліметтерге сәйкес, Канадада 2023 жылдың мамырында басталған және әлі де жалғасып жатқан орман өрттері соңғы 10 жылдың ең ірі орман өрттерінің қатарына кірді.

​Биыл Канадада өрт пен түтіннің кесірінен 155 мыңнан астам адам үйлерінен көшуге мәжбүр болса, өрт түтіні АҚШ-тың көптеген қалаларына жетіп, өмірге кері әсерін тигізуде.

2020 жылы АҚШ-тағы орман өртінде 1,7 миллион гектардан астам аумақ өртенді

​Жыл сайын, әсіресе, Калифорния штатында орман өрттері орын алатын АҚШ-та 2020 жылы соңғы 10 жылдағы ең үлкен орман өрті тіркелді.

​АҚШ-тың Калифорния орман және өрттен қорғау департаменті штатта 2020 жылғы өрт маусымында 1,7 миллион гектардан астам жер өртенгенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу