Соңғы 10 жылда Қазақстанда неке саны 22 пайызға азайған

244

Соңғы жылдары қазақстандықтар үйленуге асықпайтын болған.  

Соңғы 10 жылда Қазақстанда неке саны 22 пайызға азайған Фото: dknews.kz

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай соңғы он жылда Қазақстандағы неке статистикасына назар аударсақ, елде шаңырақ көтеретін жұптар саны азайғаны байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Статистикаға сәйкес, 2015 жылы Қазақстанда 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Яғни он жыл ішінде некелер саны шамамен 22 пайызға азайған.

Сонымен қатар некелесу коэффициенті де төмендеді. Егер 2015 жылы әр 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69-ға дейін түскен.

Өңірлер бойынша ең жоғары некелесу деңгейі Астанада тіркелді – 1000 адамға 6,75 неке. Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06 және Батыс Қазақстан облысында – 5,1 болды. Мамандар мұны елордадағы жастардың көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті халықтың көп шоғырлануымен байланыстырады.

Сарапшылардың айтуынша, неке санының азаюына демографиялық фактор да әсер еткен. 1990 жылдардың соңында туу көрсеткіші айтарлықтай төмен болғандықтан, қазір сол кезеңде туған буын неке жасына жетіп отыр.

Соңғы жылдары қазақстандықтардың некеге кеш тұру үрдісі де байқалады. Мәселен, алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлерде 27,9 жасқа, әйелдерде 25,3 жасқа дейін өскен. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш ерлер арасында 0,7 жылға, әйелдерде 0,6 жылға артқан.

Айта кетейік, Қазақстандағы некелесудің ең жоғары деңгейі 2012-2013 жылдары тіркелген. Ол кезде әр 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 неке рәсімделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу