15 жылда чех компаниялары Қазақстанға 270 млн долларға жуық инвестиция құйған

635

Қазақстан-Чехия арасындағы тауар айналымында қарқынды өсім байқалып отыр.

15 жылда чех компаниялары Қазақстанға 270 млн долларға жуық инвестиция құйған Фото: google

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 67%-ға артқан. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды  inbusiness.kz.

"Чехия Республикасы – біздің Еуроодақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасындағы өзара сауда көлемі қарқынды өсіп жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 67 пайызға өсіп, 407 млн долларға жетті. Қарқынды өсім биыл да жалғасуда. Қаңтар-ақпан айларындағы өсім екі есеге дейін өсті. Екі ел арасындағы сауда айналымы болашақта да артады деген ойдамын", - деді ҚР Премьер-министрі Астанада өтіп жатқан Чех-Қазақстан бизнес-форумында. 

Оның сөзінше, республикамызда серпілісті инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Соңғы 15 жылда Чехия компаниялары ел экономикасына 270 млн долларға жуық инвестиция құйған. Бұл ретте инвестициялардың бестен бір бөлігі соңғы екі жылда салынды.  

"Бүгінде еліміздің аумағында чехиялық 200-ге жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Біздің сауда-экономикалық серіктестігіміз жаңа тауар түрлерімен және бірлескен жобалармен нығайып келеді. Чехияның ірі кәсіпорындары қызығушылық танытып, Қазақстандағы серіктестігін кеңейтіп жатқанын атап өту қуантарлық жайт. Мысалы, Skoda Transportation  кәсіпорны екі ел арасындағы көлік саласын дамыту үшін бірнеше жобаларды іске асыруды көздеп отыр", - деді ол. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз 410 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестицияларды тартқан. 

"Біздің стратегиялық міндетіміз – 2029 жылға дейін тағы да 150 млрд доллар тарту. Алға қойған мақсаттарға жету үшін былтыр жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын күшейтуді көздейтін инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы қабылданды", - деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу