Соңғы 20 жылда елімізде 1404 ауыл жойылып кетті

269

Депутат ауылдық өңірлерде экономикалық дамуға басымдық беруді ұсынды.

Соңғы 20 жылда елімізде 1404 ауыл жойылып кетті Фото: Pixabay.com

Сенат депутаты Серік Шайдаров ауылдық аймақтар экономикалық дамуда артта қалғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Халық қалаулысы өмір сүру сапасының төмендеп бара жатқанын, ауылдардың жойылып кетуіне әкелетін мәселелерді атады.

Сөзінше, 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. 2014-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 524 миллиард теңге бөлініп, 1800 ауылда 5 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Сенатордың айтуынша, бағдарламада тұрақты жұмыс орындарын ашу көрсеткіші жоқ, бұл ауылды дамытудың әлемдік тәжірибесіне қайшы келеді. Мұнда табыс деңгейі мен жұмыссыздық сияқты экономикалық көрсеткіштер басты рөл атқарады. Сондай-ақ, ол елімізде соңғы 20 жылда 1404 ауылдың жойылып кеткенін, бұл ауылдық аймақтарға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажеттігін алға тартты.

"Мемлекеттік қолдаудың қатысуымен бөлінетін барлық несиелерді "Ауыл – ел бесігі" бойынша ауылдық елді мекендерді қаржыландырумен байланыстыру және негізгі индикаторды осы ауылдық елді мекендердегі салалар бойынша жалпы қосылған құнның жыл сайынғы өсуіне мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашуды айқындау ұсынылды. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, неге инфрақұрылымға миллиардтаған сома құйылатын ауылдық елді мекендерде бөлінген несиелер мен бизнес ашу бойынша талдау жоқ деген сұрақ туындайды", - деді депутат. 

"Ауыл – ел бесігі" жобасының мақсаты – осы ауылдардағы экономикалық өсу өлшемі арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. 

"Іс жүзінде бюджет қаржысын әдеттегідей игеру жүріп жатыр, ал тұрақты жұмыс орындары ашылмаса мемлекет салынған қаржыдан тиісті нәтиже ала алмайды", - деді Серік Шайдаров.

Сенатордың ұсынысы ауылдық өңірлерде экономикалық дамуға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса назар аудара отырып, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына кешенді талдау жүргізу қажеттігіне негізделеді. Депутат "Ауыл аманаты" бағдарламасын үлгі ете отырып, ауыл тұрғындарына ӘКК арқылы несие беруді де ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу