Соңғы бес жылда елімізде газ тұтыну көлемі 35%-ға өскен

578

Ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге көгілдір отын жеткілікті. Үкімет отырысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев осылай деп мәлімдеді. 

Соңғы бес жылда елімізде газ тұтыну көлемі 35%-ға өскен

Оның сөзінше Қазақстанда барлық барланған газдың 98%-ға жуығы Қазақстанның батысында шоғырланған.

"Елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ жеткілікті. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия 3,8 трлн текше метр көлемінде өндірілген газ қорларын бекітті. Оның ішінде, ілеспе газ – 2,2 трлн текше метр және табиғи газ – 1,6 трлн текше метр. Барлық барланған газдың 98%-ға жуығы Қазақстанның батысында шоғырланған. Бұл ретте 87%-дан астамы ірі мұнай-газ және мұнай-конденсаты кен орындарында шоғырланған. Еліміздің ірі кен орындары Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз қорлары еліміздегі барланған барлық қорлардың 75%-ын құрайды", – деді министр. 

Бұл ретте Нұрлан Ноғаев елде өндірілген газдың бір бөлігі ішкі нарыққа, бір бөлігі экспортқа, бір бөлігі қысымды ұстап тұру үшін жер қойнауына кері айдауға және мұнай компанияларының жеке технологиялық қажеттіліктеріне жұмсалатынын айтады. Бұған қоса Қазақстанда газ тұтыну көлемі де артқан. 

"Елімізде жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты газ тұтынудың өсуі байқалады. Мәселен, соңғы бес жылда, яғни, 2015-2019 жылдары газды тұтыну 12,1 млрд текше метрден 16,3 млрд текше метрге дейін немесе 35%-ға өсті. Биылғы жылдың 10 айында газ тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метр немесе өткен жылдың сәйкес кезеңінен 102%-ды құрады", – деді ол. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу