Соңғы 5 жылда жазасын шетелде өтеген 160 қазақстандық елге қайтарылған

234

Қазақстан 25 мемлекетпен осындай халықаралық шарттар жасаған. 

Соңғы 5 жылда жазасын шетелде өтеген 160 қазақстандық елге қайтарылған Фото: hromadske.radio

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Нұрлан Бекназаров таныстырды.

"Заңның негізгі мақсаты – сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қайта бейімдеуге ықпал ету мақсатында жазаны өзінің азаматтығы бар елінде одан әрі өтеуі үшін құқықтық негіз құру. Мемлекетіміз үшін шетелде жүрген азаматтарды қорғау және қамқорлық жасауға кепілдік беру Ата Заңымызда нақты белгіленген. Осы басым бағытты жүзеге асыру мақсатында 2024 жылғы желтоқсан айында аталған Келісімге қол қойылған болатын. Еліміз қазіргі таңда 25 мемлекетпен осындай халықаралық шарттар жасаған және сол шарттардың негізінде соңғы бес жыл ішінде 160 Қазақстан азаматы елге қайтарылған", – деді ол.

Сенатордың сөзінше, келісім аясында тараптар адамдарды жазасын өз елінде одан әрі өтеу үшін беруге міндеттеледі және құзыретті органдардың өзара іс-әрекеттің тәртібі реттеліп, мемлекеттер арасындағы құқықтық ынтымақтастық нығаятын болады. Келісімде аталған адамдарды беру және беруден бас тарту негіздері айқындалған.

Құжатқа сәйкес келесі негізгі шарттар сақталған кезде жазасын өтеп жатқан адам берілуге жатады:
- Ол үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болғанда;
- бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығынан айыруға байланысты өзге де шара тағайындалса;
- жаза тағайындауға себеп болған іс-әрекет екі жақтың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып сараланса және олар бойынша Тараптар келісімге келген жағдайда.

"Сонымен қатар тараптардың қайсыбірі беруді өзінің елінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса; үкім шығарушы мемлекетте кез келген басқа да қылмысы үшін ол адамға қатысты сот талқылау жүргізіліп жатса; сотталған азамат Үкім шығарушы мемлекетте салынған айыппұлдарды, сот шығындарын немесе басқа да мүліктік жазаларды өтемеген болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, Құжат сотталғандарды беру рәсімдерін, үкімдерді орындау тәртібін, әрбір Тараппен ұлттық заңнамасына сәйкес берілген адамға қатысты рақымшылық немесе кешірім жасау, не жазаны жеңілдетудің басқа да шараларын қолдану мәселелерін реттейді", – деді депутат.

Келісімді жүзеге асыруға жауапты орталық органдар ретінде Қазақстан атынан Бас прокуратура, ал Марокко Корольдігі атынан Әділет министрлігі белгіленеді.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда мыңнан астам шетел азаматы жазасын өтеп жатқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу