Соңғы бір жылда тұрғын үй нарығында баға қалай өзгерді?

430

Ұлттық статистика бюросы соңғы бір жылда баспана бағасы қалай өзгергені туралы мәліметті жариялады.

Соңғы бір жылда тұрғын үй нарығында баға қалай өзгерді? Фото: Ашық дереккөз

Соңғы бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 5,7% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағасы керісінше 3,9% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі де өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы қыркүйекте 0,2% төмендеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлерде жаңа тұрғын үй жылдық мәнде едәуір қымбаттаған, Павлодар – 18,9%, Семей – 16%, Ақтау – 11,7%. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Қызылорда (14,6%), Талдықорған (9,7%) қалалары, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Қарағанды (24,8%), Қонаев (24,6%), Қызылорда қалалары (22,5%) тұр.

Тұрғын үйді алып-сату бойынша 2023 жылғы қыркүйекте 35 398 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 815 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 26 583 мәміле жасалған. 2023 жылдың тамызымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 8,8%-ға азайыпты.   
Мәміле саны бойынша Астана (6 731 – 19%) және Алматы (6 436 – 18,2%) қалалары, сонымен қатар,  Қарағанды облысы (3 041 – 8,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 319 бірлік (0,9%).

2023 жылдың тамыз айымен салыстырғанда қыркүйекте мәміле жасау Алматы қаласы (+8,6%) мен Батыс-Қазақстан облысын (+2,6%) қоспағанда, еліміздің барлық өңірінде төмендеген. Ал мәмілелер санының ең қатты азаюы Солтүстік-Қазақстан (26,4%-ға), Ұлытау (22,2%-ға) және Қостанай (19,4%-ға) облыстарында тіркелді.

2023 жылдың тамызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 7,3%-ға (2 086 мәмілеге) кеміді. Қыркүйек айында пәтерлер бойынша барлығы 26 583 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,1%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (24,8%), Алматы (22,1%) қалаларына және Қарағанды облысына (9,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, қыркүйек айында олар бойынша 10 184 мәміле ресімделген.

2023 жылдың тамыз айымен салыстырғанда, қыркүйекте жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 13,1%-ға азайып (1 326 мәмілеге), 8 815-ті құрады. Оң динамика тек Астана (15,7%), Алматы (1,4%) қалаларында және Батыс-Қазақстан (6,4%), Түркістан (2,7%) облыстарында тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында 34,1%-ға кему байқалады, бұл барлық өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.   

2023 жылдың қыркүйегінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 2,3%-ға азайған, ол кезде 36 241 мәміле ресімделген болатын. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Түркістан облысында (26%-ға) тіркелді, ал Солтүстік-Қазақстан облысында ұлғаюдың ең үлкен көрсеткіші (22,1%-ға) байқалды. Теріс динамика 2023ж. қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда орын алды және -26,4%-ды  құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу