Соңғы бір жылдың ішінде 41 мың адамды ит қапқан – Мәжіліс депутаты

138

Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адам иттердің шабулына ұшырап, таланады екен. 

Соңғы бір жылдың ішінде 41 мың адамды ит қапқан – Мәжіліс депутаты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тиісті құжат қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Осы бүгінгі пленарлық отырысымыз аяқталғанша, яғни шамамен үш сағаттың ішінде, елімізде кемінде 15 адамды ит қабады. Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адам иттердің шабулына ұшырап, таланады екен.  Яғни біз осы залда заң талқылап отырған сәтте, елдің бір жерінде – аулада, көшеде, мектептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында – бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл – эмоция емес. Бұл – құрғақ статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз", – деді депутат.

Оның айтуынша, өңірлерде тұрғындармен кездескенде, ел бұралқы иттердің мәселесін жиі көтереді.

"Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттердің шабуылы. Яғни мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де: жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр.  Бұл сандардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр", – деп атап өтті мәжілісмен.

Еділ Жаңбыршин осы мәселеге қатысты бірнеше мысал келтірді. Депутаттың мәліметіне сүйенсек, Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аувлында, Қосшыда да болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу